"Құпия деректер қытайлық сервиске өтіп кеткен": Мәсімовтің экс-орынбасары күдікке ілінді

Сағыныш Сардарова 29 сәу. 2024 10:19 3094

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің экс-орынбасры Дәулет Ерғожин жаңа қылмыстық іс бойынша күдікке ілінді деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ulysmedia.kz деректерінше, Кәрім Мәсімовтің бұрынғы орынбасары қазақстандықтардың құпия деректерінің қытайлық GitHub сервистеріне өтіп кетуіне байланысты күдікке ілініп отыр.

"Сол кезде Ерғожин ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен, соның ішінде киберкеңістік қауіпсіздігімен айналысқан. Ол арнайы жабдықтарды енгізуді қадағалауға жауапты болған", - деп жазылған басылым мәліметінде.

Басылым деректеріне сүйенсек, жуырда Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігімен ынтымақтасатын iSoon құпия құжаттаманың жариялануына жол бергені белгілі болды. Файлдар GitHub қызметінде ашық қол жетімді.

"ҚХР алынған деректерді талдай және сұрыптай отырып, интернеттегі жарияланымдарды бақылау жүйесі жасалған. Қытай билігі үшін қызығушылық тудыратын тақырыптарды талқылауға мүмкіндік беретін Х әлеуметтік желісіндегі посттарды бақылау платформасы құрылыпты.

Арам пиғылды пысықайлар кез келген ақпаратты алу арқылы Android және iOS құрылғыларына шабуыл жасай алады деп болжанып отыр. Құжаттарда Beeline, Kcell және Tele2 сияқты қазақстандық байланыс операторларының деректері жарияланғаны туралы хабарланады. "Қазақтелеком" және БЖЗҚ да тізімде бар", - деп жазылған Ulysmedia.kz ақпаратында.

Ал күдікке ілініп отырған Дәулет Ерғожин 2016 жылғы қарашадан бастап ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған болатын. Дегенмен Қаңтар оқиғасынан кейін жұмыстан босатылды.

2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын. 

Сот істі "Аса құпия" деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайтыны және мүлкі тәркіленетіні айтылды. Кәрім Мәсімов бұған қоса генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айрылды. 

Ал оның орынбасары Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кейін апелляциялық саты К.Мәсімовке, А. Садықұловқа және Д. Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін қауіпсіздігі ең жоғары мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеу бойынша өзгертті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар